БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ЖАЙЫҚ ӨЗЕНІНІҢ ОРТА АҒЫСЫНДА POPULUS × CANESCENS (AITON) SM. ПОПУЛЯЦИЯЛАРЫНЫҢ ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙЫН БАҒАЛАУ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫНЫҢ ПЕРСПЕКТИВАЛАРЫ
DOI:
https://doi.org/10.26577/bb106120261Кілттік сөздер:
Populus × canescens, сұр теректі қауымдастықтар, биоморфологиялық талдау, хорологиялық талдау, Жайық өзені, Батыс Қазақстан облысы.Аннотация
Мақалада Батыс Қазақстан облысы аумағындағы Жайық өзенінің орта ағысында орналасқан cұр терек (Populus × canescens (Aiton) Sm.) популяцияларын кешенді ботаника-географиялық зерттеу нәтижелері келтірілген. Далалық бақылаулар, гербарий материалдары және флористикалық талдау негізінде сұр теректі қауымдастықтардың қазіргі жағдайы мен тұрақтылығы бағаланды.
Жайық өзенінің аңғарындағы жайылма - террасса алды учаскелерге негізінен шоғырланған түрдің сегіз популяциясы анықталды. Флористикалық талдау 37 тұқымдас, 83 туысқа жататын 103 түтікті өсімдік түрінің бар екенін көрсетті. Флораның биоморфологиялық құрылымында көпжылдық шөптесін поликарпиктер 64 % басым, сондай-ақ ағаш - бұталы түрлердің де үлесі елеулі 22,3 %.
Фитоценотикалық талдау нәтижесінде алты негізгі экологиялық топ айқындалды: орман, шалғын, дала, орманды - дала, шалғынды-батпақты және су - жағалаулы өсімдіктер, олардың ішінде орман 31 % және шалғын 25,2 % фитоценозы басым болды.








