БИЕ ЖӘНЕ ТҮЙЕ СҮТІНЕН АЛЫНҒАН ТӨМЕН МОЛЕКУЛАЛЫ ПЕПТИДТЕР НЕГІЗІНДЕГІ ИММУНОСТИМУЛЯЦИЯЛЫҚ ӨНІМНІҢ ТИІМДІЛІГІН БАҒАЛАУ
DOI:
https://doi.org/10.26577/bb1061202611Кілттік сөздер:
бие сүті, түйе сүті, төмен молекулалы пептидтер, иммуностимуляция, антиоксиданттық белсенділік, липидтердің асқын тотығуы, физикалық жүктеме, функционалдық тағамАннотация
Зерттеудің мақсаты – бие және түйе сүтінен бөлініп алынған төмен молекулалы пептидтер негізінде иммуностимуляциялық қасиеті бар арнайы өнім әзірлеу және оның тиімділігін бағалау. Өнім антиоксиданттық және иммуномодуляциялық әсері бар биологиялық белсенді компоненттермен байытылды. Клиникалық зерттеуге 30-45 жас аралығындағы 20 ерікті қатысты, олар бақылау және тәжірибелік топтарға бөлінді. Қатысушылар 20 күн бойы тәулігіне 90 г өнім қабылдап, тұрақты физикалық жүктеме орындады. Гуморальдық және жасушалық иммунитет көрсеткіштері (IgG, IgA, IgM, Т- және В-лимфоциттер), липидтердің асқын тотығу өнімдері (МДА, диендік конъюгаттар) және антиоксиданттық қорғаныс жүйесінің белсенділігі (каталаза, супероксиддисмутаза, жалпы антиоксиданттық белсенділік, А, Е, С витаминдері) анықталды.
Нәтижелер физикалық жүктеме бақылау тобында иммуноглобулиндердің төмендеуіне және тотығу стрессінің күшеюіне алып келгенін көрсетті. Ал тәжірибелік топта арнайы өнімді қолдану IgG, IgA және IgM деңгейлерінің жоғарылауына, Т- және В-лимфоциттер санының артуына, липидтердің асқын тотығу өнімдерінің төмендеуіне және антиоксиданттық ферменттердің белсенуіне ықпал етті.
Алынған нәтижелер бие және түйе сүтінен алынған төмен молекулалы пептидтердің айқын иммуностимуляциялық және антиоксиданттық әсерін дәлелдейді және оларды функционалдық және профилактикалық тағам өнімдерін әзірлеуде қолданудың ғылыми негізін қалыптастырады.








