ТАУЫҚ АС ҚОРЫТУ ЖҮЙЕСІНІҢ МОДЕЛІН ПАЙДАЛАНА ОТЫРЫП ХЛОРОРГАНИКАЛЫҚ ПЕСТИЦИДТЕРДІҢ БИОЖЕТІМДІЛІГІН БАҒАЛАУ
DOI:
https://doi.org/10.26577/bb1072202613Кілттік сөздер:
органические загрязнители, құс, биожетімділік, in vitro қорытылу, топырақАннотация
2023 жылы ФАО GCP/SEC/011/GFF жобасы аясында жүргізілген ауқымды түгендеу нәтижесінде Қазақстанда шамамен 1,3 мың тонна ескірген тұрақты органикалық ластағыштар (ТОЛ) анықталды. 2013–2024 жылдары Алматы облысындағы бұрынғы пестицид қоймаларында жүргізілген зерттеулер шекті рұқсат етілген концентрациялардан (ШРК) ондаған есе асатын деңгейлерді көрсетті. Липофильділігі мен тұрақтылығына байланысты бұл қосылыстар мал мен құс ағзасына ену қаупін тудырады, себебі олар тәулігіне 30 г дейін топырақты тұтынуы мүмкін. Зерттелген топырақтың рН мәні 8,0, күл мөлшері 27,9%, органикалық заттар үлесі 3,4% болды, ал хлорорганикалық пестицидтердің (ХОП) концентрациясы 4,5–5,0 мкг/г аралығында анықталды. Ас қорыту жолын модельдеу жағдайында ХОП-тың биожетімділігі асқазан фазасынан ішек фазасына өткенде айтарлықтай артты және сорбциялық «сіңіргіш» ретінде Tenax қолданылғанда одан әрі күшейді (0,01–17,10%-дан 24,00–52,70%-ға дейін). Жалпы алғанда, орташа биожетімділік 25%-дан 67%-ға дейін өзгерді, ең жоғары мәндер 4,4-ДДТ және β-ГХЦГ үшін байқалды. Бұл нәтижелер in vitro модельдерде сорбциялық сіңіргіштердің маңыздылығын көрсетеді, себебі олар сіңіру процестерін шынайырақ модельдеуге мүмкіндік береді және осылайша тағам қауіпсіздігі мен қоғамдық денсаулық үшін биожетімді ластағыш фракцияларды дәлірек бағалауды қамтамасыз етеді.








