Тиляпия шабақтарының бауыры мен бұлшық еттерінің биохимиялық параметрлеріне әртүрлі жемдер және өсіру жағдайларының әсері
Кілт сөздер:
шабақ, тиляпия, бауырдың микросомалық фракциясы, малон диальдегиді, аланинаминотрансфераза, аспартатаминотрансфераза, арқа бұлшық еттерінің биохимиялық құрамы.Аңдатпа
Қазақстандағы балық шаруашылығының индустриалды дамуы агроөнеркәсіп кешенінің басым бағыттарының бірі. Аквакультура жағдайында балықтарды өсіру жер және су ресурстарын үнемдей отырып экологиялық таза өнімді алуға мүмкіндік береді. Аквакультура жағдайында балықтарды өсірудегі басты мәселе – балық шаруашылығының экономикалық тиімділігін жоғарылату. Аквакультураның экономикалық тиімділігін арттыратын бағыттарының бірі құнды балық түрлерін өсіру саналады. Бекіре және олардың гибридтері, бахтах, каналдық және африкандық сом, тиляпия сияқты объектілерді өсірудің технологияларын табысты әзірлеу индустриалды балық шаруашылығы жұмысының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жоғарыда аталған объектілердің ішінде тиляпия балықтарына деген қызығушылық зор. Cichlidae тұқымдасына жататын тиляпия балықтарына бірқатар құнды биологиялық және шаруашылық сипаттамаларға ие. Жылдам өсуі, ортаның қолайсыз жағдайларына жоғары тұрақтылығы мен көптеген ауруларға төзімділігі аталмыш балықтарды өнеркәсіптік балық шаруашылығының келешегі зор объектілерінің біріне айналдырды.








