ТОПЫРАҚТЫҢ ФИЗИКО-ХИМИЯЛЫҚ ҚАСИЕТТЕРІНІҢ ТОПЫРАҚ ОМЫРТҚАСЫЗДАРЫНЫҢ БИОАЛУАНТҮРЛІЛІГІ МЕН ТАРАЛУЫНА ӘСЕРІ
DOI:
https://doi.org/10.26577/eb.2021.v86.i1.012Анотація
Топырақ омыртқасыздары жоғары экологиялық және түрлік алуантүрлілігіне, топырақпен тығыз байланысына, жоғары сезімталдыққа және қоршаған орта параметрлерінің өзгеруіне тез жауап беруіне байланысты қоршаған ортаның өзгеруін сипаттайтын биоиндикатор болып табылады. Бұл мақалада Іле Алатауы бөктеріндегі биогеоценоздарда 2018-2020 жылдар аралығында жүргізілген зерттеу жұмысының нәтижелері көрсетілген. Әртүрлі биогеоценоздардағы жауын құрттарының таралуы мен түрлік құрамына әсер етуші параметрлер: топырақ ылғалдылығы, органикалық заттардың көрсеткіші мен ортаның рН әсері анықталды. Lumbricidae тұқымдасы барлық биоценоздарда кеңінен таралған, дегенмен, жайылмалы шалғын биоценозында таралуы басым. Бұл биоценоздың топырақтарындағы қарашірік мөлшері 4,26±0,30 %, ал ылғалдылығы 24,56±2,58 %-ды құрайды. Зерттеу барысында Lumbricidae тұқымдасы құрттарының 5 туысқа жататын 8 түрі анықталды: Octolasium lacteum, Eisenia foetida, Eisenia nordenskioldi, Nicodrilus caliginosus, Nicodrilus longus, Lumbricus rubellus, lumbricus terrestris, Dendrobaena octaedra. Топырақтағы омыртқасыз жануарлар топтарының ара қатынасы маусым бойы өзгеріп отырады. Жауын құрттары биогеоценоздардың топырақтарында маусымнан қыркүйек айларына дейін кездеседі. Қоршаған орта жағдайының өзгеруі топырақ мезофаунасының тек таралуы мен алуантүрлілігіне ғана емес, сонымен қатар, олардың маусымдық динамикасына да ықпал етеді.
Түйін сөздер: топырақ мезофаунасы, жауын құрты, Іле Алатау бөктері, биогеоценоз, физико-химиялық көрсеткіштер.








