Malus sieversii жаңа сорт-клондары жемістерінің Алматы қ. Бас ботаникалық бақ жағдайындағы биохимиялық және технологиялық ерекшеліктері
DOI:
https://doi.org/10.26577/eb-2018-2-1325Анотація
Мақалада жабайы Сиверс алмасы (Malus sieversii M. Roem) сорт-клондары жемістерінің биохимиялық және технологиялық зерттеулерінің нәтижелері берілген. M. Sieversii аса полиморфты түр, сондықтан олардың табиғи популяцияларын құрайтын көптеген формалардың жемістері биохимиялық көрсеткіштерімен ерекшеленеді. M. sieversii жемісінің химиялық құрамының түраралық өзгергіштігі аз зерттелген. Жұмысымыздың өзектілігі Жоңғар Алатауы популяциясының M. sieversii сорт-клондарының жемістеріне биохимиялық және технологиялық талдаудың алғашқы рет жүргізілуінде. Зерттеуіміздің мақсаты Жоңғар Алатауы популяциясының M. sieversii жаңа сорт-клондарының Бас ботаникалық бақ жағдайында биохимиялық және технологиялық ерекшелігін анықтау, олардың арасынан селекция мен жеміс өндірісінде пайдалануға болатын сорт-клондарды іріктеп алу болды.Талдауға Жоңғар Алатауы популяциясынан іріктелген M. Sieversii 10 сорт-клоны алынды. Жемістердің биохимиялық құрамы 2012-2015 жылдар аралығында зерттелді. Талдау жалпы әдістерге сай жүргізілді. Зерттеу барысында %-бен жеміс құрамындағы құрғақ заттар, қанттар, органикалық қышқылдар, суда ерігіш пектиндер, лейкоантоциандар мен Р-белсенді заттар мөлшері анықталды. Зерттелген M. sieversii сорт-клондарының көбісі майда және аса қышқыл болды. Төменгі қышқылдықты 2 сорт-клон көрсетті. Сиверс алмасы сорт-клондарынан жоғары қантқышқылдық индексі (ҚҚИ) - 20 тек 1 сорт-клонда анықталды. Қалған сорт-клондардың ҚҚИ-і төмен 2 ден 9 дейін болды. Зерттелген сорт-клондарды салыстырғанда жемістің құрамында қант мөлшері жоғары 14 % дейін 4 сорт-клон; зерттелген жемістердің көбісі құрамында пектиндер санымен; құрамында лейкоантоциандар саны 600мг/100г асатын 2 форма; Р-белсенді заттардың жоғары көрсеткіштерімен 4 сорт-клоны ерекшеленді. Құрғақ заттар талдау жасалған барлық сорт-клондарда жоғары болды. M. sieversii сорт-клондарының жемістерін биохимиялық және технологиялық талдау нәтижесінде біз жеміс құрамындағы қоректік және биологиялық активті заттардың жоғарылығын анықтадық. Жемістерінде құнарлы және биологиялық белсенді заттары мол іріктелген Сиверс алмасы сорт-клондары селекция мен тағам өндірісінің бағалы көзі болуы мүмкін.
Түйін сөздер: Malus sieversii сорт-клондары, биохимиялық құрамы, биологиялық белсенді заттар, алма жемісі.








