Lonicera iliensis Pojark. өсімдігінің табиғи үш популяциясы тұқымдарының өнгіштігіне төмен және өте төмен температуралардың әсері
Кілт сөздер:
Lonicera iliensis Pojark., Іле үшқаты, лабораторлық өнгіштік, тұқымдардың коллекциясы, криосақтау.Аңдатпа
Берілген мақалада Іле-Балқаш өңірінің сирек эндем Lonicera iliensis Pojark. өсімдігін тұқымдардың коллекциясын жасау арқылы сақтау мәселелері қарастырылған. Алматы облысындағы Іле үшқатының табиғи үш популяциясынан тұқымдары жиналды. Іле үшқаты тұқымдарының тіршілік қабілеті айтарлықтай деңгейде сақтау температурасына тәуелді екендігі көрсетілді. Іле үшқатының табиғи үш популяциясынан жиналған тұқымдарды бақылаусыз жағдайда (бөлме температурасында) үш жыл бойы сақтағанда өнгіштік қабілетін жоғалтуына әкеліп соқтырса, +4°С температурада сақталған тұқымдардың лабораторлық өнгіштігі бастапқы өнгіштіктен 49,0-78,3% деңгейінде сақталды. Төмен теріс (–18ºС...–20ºС) және өте төмен (–196°С) температураларда сақталған тұқымдардың өнгіштігіне стратификацияның оң әсері белгілі болды. Үш жыл бойы төмен температураларда (–18ºС...–20ºС) сақталған және 1 апта стратификациядан өткен тұқымдардың лабораторлық өнгіштігі бастапқы өнгіштіктен 63,3-86,1 құрады. Тұқымдарды терең мұздату мен 1 апта стратификацияны біріктірген кезде лабораторлық өнгіштігі бақылау нұсқасындағы тұқымдардың өнгіштігінен 87,4-100% деңгейінде сақталды. Іле үшқатының табиғи үш популяциясынан жиналған тұқымдардың әр түрлі температураларда сақталатын коллекциясы (+4°С; –18°С...–20°С; –196°С) жасалды. Тұқымдар коллекциясын болашақта осы түрді табиғатта қайта қалпына келтіру үшін, сондай-ақ, генетикалық материал алмасу үшін пайдалануға болады.








