Маңғышлақ түбегіндегі Батыс Қаратау шатқалдарында өсетін Crataegus ambigua C.A. Mey. жерүсті мүшелерінің анатомиялық ерекшеліктері
Кілт сөздер:
күмәнді долана, анатомиялық құрылыс, Батыс Қаратау, Ақмыш, Самал, Жемсемсай шатқалдары.Аңдатпа
Мақалада Батыс Қаратаудың Ақмыш, Самал және Жемсемсай атты үш шатқалында өсетін, Қазақстанда сирек кездесетін түр – күмәнді долананың (Crataegus ambigua C.A. Mey.) біржылдық өркендері, жапырақтары мен тұқымдарының анатомиялық құрылысын зерттеу нәтижелері келтірілген. Әртүрлі шатқалдарда өсетін долананың біржылдық өркендері мен жапырақтарының анатомиялық көрсеткіштерінің арасында нақты айырмашылықтары болатындығы анықталды. Күмәнді долананың жас өркендерінің көлденең кесінділері құрылысы жағынан бір-біріне ұқсас. Үш шатқалда өсетін долана өркендерінің метриялық көрсеткіштерін өзара салыстыру өсімдіктер клеткасының өлшемдері мен ұлпасының қалыңдығы бойынша ерекшеленетіндігін көрсетті. Күмәнді долананың жапырақтары – жалпақ, дорзовентралды құрылымды. Үстіңгі және астыңғы эпидермистерінің клеткалары – жіңішке қабырғалы, сырты жұқа кутин қабатымен қапталған. Беткейі тегіс, түктері жоқ. Мезофиллі бағаналы және борпылдақ ұлпаларға дифференциалданған. Жапырақтың көлденең кесіндісінің метриялық көрсеткіштеріне жасалған талдау біржылдық өркендердің метриялық көрсеткіштеріне жүргізілген зерттеулер сияқты ұқсас нәтиже берді. Ең жоғары көрсеткіштер Самал шатқалының өсімдіктеріне, ал ең кіші көрсеткіштер Жемсемсай шатқалының өсімдіктеріне тән екендігі анықталды. Зерттелген үш шатқалда өсетін күмәнді долананың тұқымдарының анатомиялық көрсеткіштерінде айтарлықтай айырмашылықтар байқалмады. Перикарпий қалыңдығы бойынша ерекшеліктер болғанымен, эндосперм мен тұқым жарнақтарының қалыңдығы бойынша нақты айырмашылықтары байқалған жоқ.








