Бүйрек ауруына шалдыққан жасөспірімдердің биологиялық активті нүктелердің биофизикалық қасиетін зерттеу
Ключові слова:
биологиялық активті нүктелер, биофизикалық қасиеттер, бүйрек динамикасы, жасөспірім, температура.Анотація
Қазіргі кезде жоғарғы сынып оқушыларында бүйрек жетіспеушілігі өте жиі кездесуде. Бүйрек жетіспеушілігі кезінде негізінен бүйрек ұлпаларының жұмысы бұзылады, соның салдарынан зат алмасу кезінде іріктелген улы заттардың ағзадан шығарылуы баяулайды. Денсаулық сақтау қауымының негізгі мәселелеріне айналған бұл сұрақ біздің зерттеу жұмысымыздың өзектілігін көрсетеді. Өйткені ағзаның және мүшелердің физиологиялық күйіне диагностика жасауға бионүктелердің биофизикалық, физиологиялық көрсеткіштері жақсы ақпарат көзі болып табылады. Себебі биологиялық активті нүктелердің өздеріне тиесілі мүшелерінің физиологиялық күйіне тәуелді биофизикалық қасиеттері өзгеріске ұшырайтыны әдеби деректерден белгілі. Зерттеу жұмысына қалыпты және бүйрек ауруына шалдыққан оқушылар қатысты, олар екі топқа топтастырылды, бұл топтардағы оқушылардың ағза терісіндегі биологиялық активті нүктелердің температуралық көрсеткіштері зерттелді. Температуралық көрсеткіштерді тіркеу «Биотемп-2» аспабында орындалды. Зерттеу нысанына ағзаның тері бетіндегі адамның оң жақ және сол жақ бөліктерінде симметриялы орналасқан стандартты жүрек, өкпе, тоқ ішек, бүйрек, қуық, бауыр, көк бауыр меридиандарының ішінен биологиялық активті нүктелер жинақталып алынды. Алынған мәліметтер статистикалық өңдеуден өтті, Стьюденттің t- критериясы бойынша анықталды. Алынған нәтижелер бойынша қалыпты жағдайдағы және бүйрек ауруына шалдыққан оқушылардың оң жақ және сол жақ бионүктелердің температуралық көрсеткіштерінде аса айқындалған айырмашылық байқалмады. Қалыпты және патология топтарын салыстырғанда бүйрек, қуық, бауыр, көк бауыр, өкпе меридиандарының бионүктелерінде статистикалық сенімділікпен дәлелденген айырмашылық тіркелді. Сонымен, алынған мәліметтер бойынша бүйрек ауруының жоғарыда көрсетілген мүшелердің физиологиялық күйіне кері әсері тиетіні айқындалды.








