Метициллин-тұрақты Staphylococcus aureus қатысты Artemisia және Thymus кейбір түрлерінің эфир майларының антибактериальды белсенділігі
Кілт сөздер:
эфир майлары, антибактериальды белсенділік, метициллин-резистентті Staphylococcus aureus (MRSA).Аңдатпа
Метициллин-резистентті Staphylococcus aureus (MRSA) көптеген инфекция түрлерінің себепкері, бірінші кезекте тері және жұмсақ ұлпалардың инфекцияларын туғызады. Антибиотиктерге тұрақты MRSA сияқты штамдардың пайда болуы осы патогенге қарсы күресу үшін табиғи қосылыстардың арасынан жаңа заттарды іздеуді қажет етеді. Эфир майлары кең спектрлі антимикробтық, антивирустық, антиоксиданттық, қабынуға қарсы және иммуномодульдеуші сияқты биологиялық белсенділіктерге ие табиғи органикалық қосылыстар. Берілген жұмыста Қазақстанның 5 өсімдігінен: Artemisia kotuchovii Kupr., Artemisia scoparia Waldst. et Kit., Thymus crebrifolius (Klokov), Thymus marschallianus Willd. және Thymus rasitatus (Klokov) эфир майларының MRSA USA300 қатысты антибактериальды белсенділігі анықталды. Эфир майларының антибактериальды белсенділігін бактериальды суспензиямен жарықтың жұтылуын өлшеп, микроорганизмдердің өсуінің 25% тежелуі жүзеге асқан тежеуші концентрациясын (IС25) есептеу арқылы анықтадық. MRSA өсуіне ең жоғары тежеуші әсерді A. scoparia, T. marschallianus және T. rasitatus эфир майлары көрсетті (IС25 = 24,5; 30,9 және 32,7 мкг/мл, сәйкесінше); T. crebrifolius эфир майы төмен белсенділікке ие болды (IС25 = 73,0 мкг/мл). A. kotuchovii эфир майы тіпті зерттелген ең жоғары 100 мкг/мл концентрацияда да белсенділік көрсетпеді.








