Алматы облысындағы экологиялық дәрежесі бойынша ерекшеленетін аймақтардағы қой жүніндегі ауыр металлдардың құрамын талдау
DOI:
https://doi.org/10.26577/eb-2019-3-b8Аңдатпа
Ұсынылып отырған жұмыс Алматы облысының қолайсыз экологиялык факторларының адам мен жануарлар ағзасына әсерін зерттеуге бағытталған кең ауқымды ғылыми бағдарламаның бір бөлігі болып табылады. Ластанған нүктелер ретінде бүгінгі күні қолдануға тыйым салынған пестицидтердің қалдықтары сақталған қоймалар шоғырланған елдімекендер алынып отыр: Қызылқайрат, Бесқайнар Талғар ауданы, ал бақылау ретінде салыстырмалы таза жер деп табылған Еңбекшіқазақ ауданындағы Тауқаратұрық ауылы алынды.
Адам мен жануар ағзасына пестицидтермен қатар қоршаған отртадағы және кейбір пестицидтердің құрамындағы ауыр металлдар да зиянды уытты әсерін тигізеді, яғни шашта жинақталған ауыр металлдардың мөлшері ағзаның улану деңгейін көрсетеді. Зерттеу нысанасы ретінде пестицидтермен ластанған және бақылау орнынан алынған қойлардың жүн үлгілері, жүн талшықтарында жинақталған бірқатар ауыр металлдардың абсолютті (мг/кг) және салыстырмалы концентрациясы. Бұл зерттеулер осы аталған аймақтардың экотоксикологиялық жағдайы туралы мәліметтерге қосымша толықтырулар болады.
Қойлардың 36 жүн үлгілерінің микроэлементті құрамы (Pb, Cd, Zn, Cu, Fe, Ni, Co, Mn, Cr) оларды химиялық өндеу (минерализациялау) жолымен анықталды, талдау ПУ 12=2009 әдісіне негізделген Минотавр-2 микротолқынды жүйесі және МГА-915 атомдық-абсорбциялау спектрофотометр көмегімен жүзеге асты.
Бақылау аймағынан алынған қойлардың жүн талшықтарында кейбір ауыр металлдар концентрациясы топырақтағымен салыстырғанда жоғары болды: Zn мөлшері 13 есе, Cr 6 есе, ал Cd, Co, Pb және Ni 2-3 есе көп. Тек Cu қой жүнінде топырақтағыға қарағанда 3 есе төмен болды. Ластанған аймақтардағы топырақ құрамындағы Zn мөлшері (3-4 есе) бақылаумен салыстырғанда жоғары болды. Ластанған аймақтардағы қой жүніндегі Zn және Cu мөлшері (3-4 есе) бақылау нүктесінен алынған қой жүнімен салыстырғанда жоғары болды, бірақ топырақтағы Cu мөлшері бақылаудан көп болмады, яғни топырақта құрамы көп болғанымен жүнде де жоғары болады деп күту дәлелденбеді.
Ауыр металлдардың концентрациясы бойынша белгілі дәрежемен тізілген қатарын салыстыру жүргізілді. Ластанған аймақтардан алынған жүн құрамындағы концентрацияларды бақылау қатарымен салыстырғанда Cu мен Cd (концентрациясы жоғары), ал топырақта Cu және Pb (концентрациясы төмен) қатар аясынан тыс болып шықты. Әр нүкте бойынша жүн құрамындағы ауыр металлдардың концентрациясы топырақтағы мөлшерімен салыстырылды: бақылау аймағында Cu (топырақта көп, жүнде аз мөлшерде) және Cr (топырақта аз, жүнде көп), ластанған аймақтарда Cu көбінесе әртүрлі концентрацияда болды, басқа ауыр металлдар қатары бікелкілік танытты.
Сонымен топырақ пен жүн құрамындағы ауыр металлдардың концентрациясын анықтайтын факторлар бір-біріне тәуелді емес, мысалы, Cu мөлшерін көбейтетін факторлар басқа ауыр металлдардың мөлшерін жоғарлататын факторлардан ерекше екендігі анықталды
Түйін сөздер: топырақтағы және жүндегі ауыр металлдардың құрамы, салыстырмалы таза аймақтар, пестицидтермен ластанған аймақтар, әртүрлі ауыр металлдар концентрациясын салыстыру








