Батыс Қазақстандағы татар катыранының (Crambe tаtaria Sebeók) ценофлорасы
DOI:
https://doi.org/10.26577/eb.2020.v82.i1.04Аңдатпа
Қазақстан территориясында Crambe (қатыран) туысының төрт түрі кездеседі, олардың бірі – Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген, сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар Crambe tаtaria Sebeók (татар қатыран). Crambe tаtaria Sebeók түрінің табиғи өсу аймағы еліміздің (Ақтөбе облысының) батыс бөлігіндегі борлы аудандар. Осы күнге дейін Батыс Қазақстанда зерттелмеген сирек кездесетін Crambe tаtaria өсімдігінің жеті ценопопуляциясы Ақтөбе облысының Қобда және Ойыл аудандарының солтүстік-шығыс бөлігінде (Шыңғырлау тауы, Ақшатау, Мұқаштау) экспедиция барысында зерттелді.
Crambe tаtaria түрдің жергілікті популяцияларының қазіргі жағдайын және олардың экологиялық-ценотикалық ерекшеліктерін білу оны сақтауға арналған іс-шараларды жасау үшін қажет. Қазіргі уақытта мұндай мәліметтер жеткіліксіз. Осыған байланысты Батыс Қазақстандағы Crambe tаtaria ценофлорасы зерттелді. Зерттеу нәтижесінде Батыс Қазақстанда Crambe tatariа ценофлорасының 33 тұқымдасқа және 95 туысқа жататын 141 түрі анықталды. Жетекші тұқымдастарға: Asteraceae (34 түр), Brassicaceae (17 түр), Fabaceae (10 түр), Poaceae (9 түр) жатады. Жетекші туыстарға: Allium, Astragalus, Artemisia, Centaurea, Achillea жатады. Crambe tаtaria популяциялары қалыптасатын ценофлора құрамының экологиялық жағдайы кальцефитті, кейде сазды. Ценофлораның антропогендік бұзылуы айтарлықтай арамшөптердің (11 түрі немесе 7,9%) көп болуымен анықталды.
Түйін сөздер: Батыс Қазақстанда Crambe tаtaria ценопопуляциясының жүйелік құрлымы, эколого-ценотикалық топтары.








