Генетикалық профиль, метаболиттік синдром және Қазақстан әйелдері арасындағы сүт безі ісігінің даму қаупі
DOI:
https://doi.org/10.26577/eb-2018-1-1317Аңдатпа
Жұмыс сүт безі ісігінің метаболиттік синдром мен липидтер метаболизміне қатысты гендер арасындағы байланыстың зерттелуіне бағытталған. Осы зерттеу жұмысының барысында біз сүт безі ісігіне шалдыққан 136 қатысушы мен бақылау тобының шартты түрде сау 83 қатысушының рекрутингін іске асырдық. Зерттелген топтарында сүт безі ісігінің ілеспе ауруларының арасында артериялық гипертензия, созылмалы бронхит, жүректің ишемиялық ауруы, жатын миомасы, холецистит, қан тамырларының варикоздық кеңеюі, панкреатит басым келеді. 2-типті қант диабетінің кездесу үлесі 13,2%. 18 метаболиттік көрсеткіштен тұратын биохимиялық талдау ауруға шалдыққандар тобында бақылау тобына қарағанда гомоцистеин мен В12 дәрумені деңгейлерінің қалыпты көрсеткіштен артық екенін көрсетті. Мәліметтердің талдануы гомоцистеин деңгейі мен сүт безі ісігінің пайда болу қаупімен жоғары корреляцияны көрсетті (ШҚ=15,29; СИ = 5,67-41,28; р<0,001). Зерттелген гендер полиморфизмдерінің сүт безі ісігінің даму қаупімен ассоциациясын зерттеген кезде FTO, PRKAA2 және STK11 гендерінің қорғаныш әсері анықталды. CRTC2 генінің жоғары доминантты моделінде сүт безі ісігінің даму қаупімен тікелей ассоциациясы анықталды (ШҚ=1,95; СИ = 1,1-3,46; р<0,001). Генетикалық профиль мен метаболиттік көрсеткіштер арасындағы байланысты зерттеген кезде, PRKAA2 генінің С/С генотипі В12 дәруменінің қалыпты деңгейі кезінде ағзадағы холестериннің жоғары деңгейіне әкеле алады (ШҚ=3,43; СИ = 1,25-9,39: р<0.015). Ал осы геннің Т/С генотипі В12 дәруменінің жоғары деңгейі кезінде ағзадағы холестериннің жоғары деңгейіне әкеле алады (ШҚ=3,23; СИ = 1,1-9,52: р<0.035). талдау нәтижелері бойынша ағзадағы гомоцистеиннің деңгейін сүт безі ісігі кезінде қолданылатын диагностикалық шаралар кешеніне кіретін биомаркер ретінде қолдануға болады. Сонымен қатар, PRKAA2 генінің С/С және Т/С генотиптерін ағзадағы холестерин мен В12 дәруменінің деңгейлерін анықтау кезінде қолдануға болады. Басқа гендердің әсерін және олардың биохимиялық көрсеткіштер мен байланысын зерттеу үшін зерттеу тобын ұлғайту қажет.
Түйін сөздер: сүт безі ісігі, метаболиттік синдром, генетикалық профиль.








