Солтүстік Арал маңындағы арал жусаны (Artemisia aralensis Krash.) қауымдастықтарының фитоценоздық сипаттамасы
Кілт сөздер:
Artemisia aralensis, түрлік құрам, эндем, Солтүстік Арал маңы, қауымдастықтар.Аңдатпа
Мақалада Солтүстік Арал маңындағы (Ақтөбе облысының Шалқар ауданы) «Теріскент» ботаникалық стационары және оған іргелес аумақтағы 2015-2016 жж. жүргізілген арал жусаны (Artemisia aralensis Krasch.) қауымдастығын зерттеу жұмыстарының нәтижелері келтірілген. Арал жусаны (Artemisia aralensis Krasch.) Қазақстанның эндемді түрі болып табылады. Оны алғаш рет Солтүстік Арал маңындағы, Қара Шоқат темір жол бекетіне жақын аумақтағы Л. Бубырь жинақтаулары бойынша 1908 жылы И. Крашенинников сипаттаған болатын. Түрдің эксикаты ҚР БҒМ Ботаника және фитоинтродукция институтының Гербариінде (АА) сақталған. Арал жусаны жайылымдық өсімдік түрі болып табылады, сонымен қатар оның эфир майларының құрамының медицинада тәжірибелік маңызы жоғары.
Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде арал жусаны доминантты рөл атқаратын алты қауымдастық сипатталды. Арал жусаны қауымдастығын зерттеу жұмыстары бұл түрдің уақытша ағын сулардың құрғақ арналарына және жер бедерінің эрозиялық формаларына бейім екендігін дәлелдеді. Зерттелген қауымдастықтардың құрамында көпжылдық және біржылдық шөптесіндері басым түтікті өсімдіктердің 57 түрі өсетіні анықталды. Арал жусанының қауымдастықтарына баданалы қоңырбас (Poa bulbosa) түрі тән. Мақалада алғаш рет арал жусаны қауымдастықтарының сипаттамасы келтірілген, түрдің доминанттылық ареалы Солтүстік Арал маңымен шектелген деген болжам жасалды.








