Гепатокарцинома-29 жасушаларындағы гетерогенділік және базальды аутофагия
DOI:
https://doi.org/10.26577/eb-2019-1-1398Аңдатпа
Зерттеу тақырыбымыз қазіргі заманғы эксперименттік онкологияның өзекті бағыты – қатерлі ісік жасушасының тіршілігін сақтап қалудағы және жойылудағы аутофагияның рөлін зерттеу мәселесі болып табылады.Бұл жұмыстың мақсаты гепатокарцинома-29 популяциясының жасушалық гетерогендігін және ісік жасушаларының тіршілігін сақтап қалу тәсілі ретінде аутофагияның дамуын зерттеу болды. Жұмыстың ғылыми маңыздылығы ісік жасушаларының тіршілігін сақтап қалу тәсілі болып табылатын гепатокарцинома жасушаларының белгілі бір типтерінде базальды аутофагияның дамуы туралы бұрын белгісіз фактілерді анықтау болып табылады. Осы зерттеудің жаңалығы ісік жасушалары популяциясының өмір сүруіне және аутофагия үрдісінің құрылымдық ерекшеліктері мен белсенділігі туралы мәліметтер алуға ықпал ететін, аутофагия үрдісі дамитын гепатокарцинома жасушаларының типтерін анықтау болып табылады.Жұмыстың практикалық маңыздылығы - гепатокарциномаға таргеттік терапияны қолдануға болатын әдісті дайындау үшін, алынған мәліметтерге талдау жасай отырып, түрлі жасушалық сигналдардың бір мезгілде іске қосылуына мүмкіндік беретін цитостатиктер және аутофагия индукторларымен үйлесімді әсер көрсету арқылы апоптозды және аутофагиялық жасушалық жойылуды ынталандыру.
Зерттеу жұмысы барысында гепатокарцинома-29 (Г-29) жасушаларын көбейтіп,мәліметтер алу үшін жарық және электрондық микроскопия әдістері қолданылды. Алынған мәліметтерді талдау барысында Г-29 жасушалар популяциясына гетерогенділік тән екені анықталды. Гетергенділік, жасушалардың мөлшері және ядро мен цитоплазманың көлемдік үлесін салыстыру арқылы анықталды. Жасушалардыңкөлемі мен ядролық-цитоплазмалық арақатынасы туралы алынған мәліметтер бойынша жасушалар бес типке бөлінді, яғни дифференциацияланудың бес сатысына сәйкес келді. Аутофагиялық құрылымдар дифференциацияланудың IV және V сатысындағы жасушаларда анықталды, олар: аутофагосомалар, аутолизосомалар және лизосомалар.Алынған мәліметтер жасушалық биологияға, цитология мен гистологияға, сондай-ақ онкологияға елеулі үлес қоса алады.
Түйін сөздер: гепатокарцинома-29, гетерогенділік, жасушалардың жіктелу сатысы, аутофагия.








