BRUCELLA SPP. РЕКОМБИНАНТТЫ АҚУЫЗДАРЫН КОДТАЙТЫН ГЕНЕТИКАЛЫҚ КІРІСТІРМЕЛЕРДІ ПТР ӘДІСІМЕН ИДЕНТИФИКАЦИЯЛАУ АРҚЫЛЫ РЕКОМБИНАНТТЫ ТҰМАУ ВИРУСТАРЫНЫҢ ТҮПНҰСҚАЛЫҒЫН РАСТАУ
DOI:
https://doi.org/10.26577/bb1083202614Кілт сөздер:
: ПТР, рекомбинантты тұмау штаммдары, бруцеллездік кірістірмелер, валидация, верификацияАңдатпа
Бруцеллезге қарсы вирустық-векторлық вакциналарды әзірлеу вакциналық кандидаттар ретінде қолданылатын рекомбинантты штаммдардың түпнұсқалығын қатаң бақылауды талап етеді. Мұндай штаммдарды молекулалық сипаттаудың негізгі кезеңдерінің бірі Brucella антигендерін кодтайтын гетерологиялық генетикалық кірістірмелердің болуын растау болып табылады. Осы зерттеудің мақсаты кері транскрипциялы полимеразды тізбекті реакция (КТ-ПТР) әдісі арқылы бруцеллездік генетикалық кірістірмелердің болуын анықтау негізінде рекомбинантты тұмау штаммдарының түпнұсқалығын бағалау болды. Зерттеу объектілері ретінде Brucella иммунодоминантты ақуыздарының гендерін қамтитын Flu-NS1-80-Omp16, Flu-NS1-80-L7/L12, Flu-NS1-80-Omp19 және Flu-NS1-80-Cu-Zn SOD рекомбинантты тұмау вирусы штаммдары қолданылды. Аналитикалық сезімталдықты бағалау белгілі РНҚ концентрациясы бар оң бақылаудың он еселік сериялық сұйылтуларын пайдалану арқылы жүргізілді. Әдістің спецификалығы күтілетін өлшемдегі ампликондардың болуымен расталды: рекомбинантты конструкциялар үшін шамамен 1250–1300 ж.н. және бақылау вирусы үшін шамамен 890 ж.н.; теріс бақылауларда спецификалық емес амплификация байқалмады. Рекомбинантты штаммдарды талдау барысында Flu-NS1-80-OMP16, Flu-NS1-80-OMP19, Flu-NS1-80-SOD және Flu-NS1-80-L7/L12 үлгілерінің барлығында мақсатты фрагменттер анықталды, бұл Brucella spp. кірістірмелерінің вирус геномына сәтті интеграцияланғанын көрсетеді. Қайталанғыштықты бағалау барлық зерттелген үлгілер бойынша 10 тәуелсіз қайталауда нәтижелердің 100% сәйкес келуін көрсетті. Оң және теріс бақылаулар күтілетін нәтижелерді көрсетті, бұл реакцияның дұрыс қойылғанын және контаминацияның жоқтығын растайды. Алынған нәтижелер рекомбинантты тұмау штаммдарының түпнұсқалығын және олардың геномында бруцеллездік генетикалық кірістірмелердің болуын дәлелдейді, бұл вирустық векторлар конструкциясының дұрыстығын және оларды бруцеллезге қарсы вакциналық препараттарды әзірлеуде әрі қарай қолдану мүмкіндігін көрсетеді.








