Ауыр металлдардың эритроциттер мембраналарының төзімділігіне in vitro жағдайындағы әсерін салыстырмалы түрде зерттеу
DOI:
https://doi.org/10.26577/eb-2019-3-b16Аңдатпа
Ауыр металлдар ( соның ішінде сынап, қорғасын, кадмий) мен олардың қосылыстары кең тараған тірі ағзаларда жинақталу қабілеті бар улылығы жоғары заттар қатарына жатады. Ауыр металлдардың тұздары клеткалардың биологиялық компоненттерімен әрекеттесіп ағзаның қызметтеріне кері әсерін тигізеді. Ферменттердің жаншылуы және макромолекулалар конформациясының қайтымсыз түрде өзгеруі бірқатар метаболизм процесстерінің ауытқуына алып келеді.
Ауыр металдардың организмге әсер етуі кезінде патофизиологиялық роліне баға беру үшін және токсиканттардың жекелей және қосарлы әсерінің механизмін анықтау мақсатында қорғасын ацетаты және сынап хлоридінің эритроциттер мембранасының төзімділігіне әсері in vitro жағдайында зерттелді.
Біздің зерттеулеріміздің нәтижесінде сынап және қорғасын тұздары эритроциттердің осмостық және асқын тотықтық резистенттігін концентрацияға тәуелді түрде төмендететіні анықталды. Эритроциттер гемолизіне сынап хлоридінің барлық концентрацияларының әсері жоғары болғандығын ескеру керек.
Қорғасын ацетаты мен сынап хлоридінің өспелі концентрацияларының эритроцит мембраналарының өткізгіштігіне әсерін салыстыру барысында, екі токсиканттың да эритроцит мембранасын зақымдап гемолиз дәрежесін арттыратындығы анықталды. Қорғасын мен сынап қосылыстарының 20,0 мМ тең болатын жоғары концентрацияларынәі әсері эритроциттердің дерліктей толық гемолизге ұшырауына алып келді. Ауыр металдардың эритроциттер мембраналарының күйіне қосарлы әсері in vitro жағдайында эритроцит мембранасының резистенттігінің төмендеуіне алып келетіні белгілі болды. Pb2+ және Hg2+ иондарының бірлескендегі зақымдаушы әсері олардың оқшаулы түрде әсер еткендегі эффектісінен жоғары болды. Сонымен, біздің зерттеулеріміз көрсеткендей, ауыр металдардың иондары оқшаулы және қосарлы әсер ету кезінде эритроцит мембраналарына зақымдаушы әсер көрсетеді.
Түйін сөздер: ауыр металлдар, резистенттілік, гемолиз, эритроциттер








