Литий карбонатының гепатокарцинома -29 жасушаларының ультрақұрылымдық ұйымдасуына культивациялау динамикасы барысында әсері
DOI:
https://doi.org/10.26577/eb-2019-3-b9Аңдатпа
Зерттеу тақырыбымыз қазіргі заманғы эксперименттік онкологияның өзекті бағыты – апоптоздың дамуына ықпал етіп, ісік жасушаларының ультрақұрылымдық өзгерістерін туындатып, жасушаны жоятын индукторлар әсерін зерттеу мәселесі болып табылады. Бұл жұмыстың мақсаты гепатокарцинома-29 жасушаларын культивациялау динамикасы барысындағы ультрақұрылымдық ұйымдасуына литий карбонатының әсерін зерттеу.
Жұмыстың ғылыми маңыздылығы литий карбонаты әсерінен гепатокарцинома жасушаларының ультрақұрылымдық ұйымдасуында туындаған жаңа өзгерістер туралы мәліметтер алу. Осы зерттеудің жаңалығы литий карбонатын енгізу кезінде гепатокарцинома-29 жасушаларының цитоплазмалық органеллаларының құрамы мен құрылымындағы рет-ретімен жүретін өзгерістерді культивациялау динамикасы кезінде анықтау.
Жұмыстың практикалық маңыздылығы литий карбонаты мен цитостатиктерді аралас қолдану жолымен гепатокарциномаға таргеттік терапияны жүргізу үшін, алынған деректерді пайдалану мүмкіндігіне негізделеді, бұл апоптозды және аутофагиялық жолмен жасушаның жойылуын ынталандыру үшін түрлі жасушалық сигнал беретін жолдарды бір мезгілде іске қосуға мүмкіндік береді. Жұмыс жарық және электрондық микроскопия әдістерін пайдалана отырып, культивация жүргізілген гепатокарцинома-29 жасушаларында зерттелген.
Литий карбонатының әсерінен культивациялау динамикасы кезінде ГК-29 жасушаларының цитоплазмасындағы органеллаларда көлемдік және сандық тығыздықтарында өзгерістер туындағаны анықталды. Карбонат ГК-29 жасушаларын зақымдайды, оның зақымдаушы әсері культивациялау динамикасы кезінде арта түседі. Мысалы, митохондрияларда, түйіршікті эндоплазмалық тор цистерналарында, бос полисомалық кешендердің көлемдік тығыздықтары кеміген, бірақ аутофагосом, аутолизосом және лизосоманың көлемдік тығыздықтары артқан. Алынған мәліметтер литий карбонаты ГК-29 жасушаларының энергетикалық және синтетикалық функцияларының төмендеуіне, олардағы катаболизм процестерінің дамуына және жасушалық жойылу үрдістерінің іске қосылуына ықпал ететінін куәландырады.
Алынған деректер жасушалық биологияға, цитология мен гистологияға, сондай-ақ онкологияға елеулі үлес қосады. Жұмыс қорытындыларының практикалық маңыздылығы гепатокарцинома жасушаларында анықталған ультрақұрылымдық өзгерістерді негізге ала отырып, литий карбонатының зақымдаушы әсер көрсетуіне байланысты, обырдың осы түріне таргеттік терапия әдісі дайындалып, қолданылуы мүмкін.
Түйін сөздер: гепатокарцинома-29, ультрақұрылым,карбонат литий.








