Кәртма көліндегі (Сырдария өзенінің атырауындағы көлдер жүйесі, Қызылорда облысы, Қазақстан республикасы) Аққұйрықты тарғақ (Vanellochettusia leucura)
DOI:
https://doi.org/10.26577/eb.2020.v84.i3.11Аңдатпа
Мақала автордың Қазақстан Республикасы Қызылорда облысының территориясында орналасқан Сырдария өзенінің атырауындағы көлдер жүйесінің Картма көлінде 2014-2019 жылдар аралығында жүргізілген құстарды бақылау деректеріне арналған. Аққұйрықты тарғақтың (Vanellochettusia leucura) мекендеу сипаты, саны, экологиясы егжей-тегжейлі қарастырылады. Аққұйрықты тарғақ – орташа өлшемді балшықшы құс, дене тұрқы тарғаққа ұқсас, бірақ одан кішілеу. Қазақстан Республикасының территориясында қазіргі кезде Сырдария өзенінің орта және төменгі ағысындағы сулы-батпақты телімдерге жақын мекендерде (Өзбекстан Республикасымен шекарадан Солтүстік Арал теңізіне дейінгі аралықта), атырауындағы көлдер жүйесінде, Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде ұялайды. Кәртма көліндегі аққұйрықты тарғақтың саны құстарды бақылаудың маусымына, зерттелген суқойма айдынының ауданы өзгеруіне байланысты 30-150 дара екені анықталды. Бұл түрдің өзіне тән ерекшелігі – ұялау телімдеріне адам жақындағанда күшейетін бейне бір орыс тіліндегі «четыре, четыре» дегенге ұқсас дауыстауы. Арал теңізінің шығыс бөлігінің және Сырдария өзені атырауындағы көлдер жүйесінің орнитологиясы бойынша қолда бар арнайы ғылыми әдебиеттерді талдау барысында, аққұйрықты тарғақтың (Vanellochettusia leucura) екі жүз жылдық кезеңде негізінен тұрақты мекендеу ортасын ұстанатындығы анықталды. Анықталғандай құстардың ұялау мекендері суқойманың жағалау аймағында, құмды қайырларда және аралдарда орналасқан.
Кілт сөздер: Кәртма көлі, сулы-батпақты алқаптар, аққұйрықты тарғақ, авифаунаның мекендеу сипаты, құстардың қоректенуі, Э.А. Эверсманн.








