Симметриялы емес диметилгидразиннің әсеріне ұшыраған арпа өскіндерінің антиоксиданттық жағдайына Plumbaginaceae тұқымдасының Limonium gmelinii және Compositae тұқымдасының Inula britannica L. өсімдіктерінен алынған биологиялық белсенді заттардың әсері
Кілт сөздер:
cимметриялы емес диметилгидразин, арпа өскіндері, антиоксиданттық жүйе, Гмелин кермегі Limonium gmelinii, британдық аңдыз Inula britannica L., малон диальдегиді, супероксиддисмутаза, каталаза.Аңдатпа
Қоршаған ортаның стресс-факторларына өсімдіктердің төзімділігі көбінесе антиоксиданттық жүйенің (АОЖ) жағдайына тәуелді. Өсімдіктердің антиоксиданттарының рөлін арнайы мамандандырылған ферменттік жүйелер (супероксиддисмутаза, каталаза, глутатионпероксидаза және т.б.) атқарады, олар оттегінің белсенді формасын зарарсыздандырып, органикалық заттардың бос радикалды тотығуын тежейді. АОЖ ферменттері зат алмасуды реттеуге қатысады және қоршаған ортаның құбылмалы жағдайларына өсімдіктердің жылдам бейімделуін қамтамасыз етуде аса маңызды орын алады. Зерттеу жұмысымыздың мақсаты кермек (Limonium gmelinii) және аңдыз (Inula britannica) өсімдіктерінің жерүсті және жерасты мүшелерінен алынған ББЗ әртүрлі концентрацияларының 5 мг/л СДМГ әсеріне ұшыраған арпа өскіндері антиоксиданттық жүйесінің ферменттерінің жұмысына әсерін зерттеу. Биохимиялық зерттеулердің нәтижесінде арпаның 2 күндік өскіндерінде СДМГ әсеріне жауап ретінде антиоксиданттық жүйесінің активациясы жүретіндігі анықталды.








