Aegopodium L. туысына жататын дәрілік өсімдіктердің жерасты мүшелерінің биологиялық және фитохимиялық ерекшеліктері
DOI:
https://doi.org/10.26577/eb-2019-1-1383Аңдатпа
Aegopodium L. – Еуропа, Сібір, Кавказ, Қазақстан мен Орталық Азияның таулы аймақтарында кездесетін, Apiaceae тұқымдасына жататын көпжылдық шөптесін өсімдік. Бұл туыстың жеті түрі бар, соның ішінде Қазақстанда Aegopodium podagraria L. және Aegopodium alpestre Ledeb. деген екі түрі өседі.
Кәдімгі бежір (Aegopodium podagraria L.) подагра мен ревматизмді емдеуде қолданылатын дәрілік өсімдік ретінде антикалық кезеңнен бері белгілі. Дегенмен, Aegopodium podagraria L. және Aegopodium alpestre Ledeb. өсімдіктерінің биологиялық және фитохимиялық ерекшеліктері туралы зерттеулер жоқтың қасы деуге болады.
Біздің мақаламызда жоғарыда аталған екі дәрілік өсімдіктердің жерасты мүшелерінің салыстырмалы анатомо-морфологиялық зертттеулері, сонымен қатар олардың шикізаттарының ылғалдылығы, күлділігі және экстарктивтілігі туралы мәліметтер берілген. Өсімдіктер 2017 жылы гүлдеу кезеңінде (шілде айының басында) Үлкен Алматы шатқалында (шатқалдың басталар нүктесінің GPS координаттары: 43.136976, 76.903267. теңіз деңгейінен биіктігі 1500 – 2500 м) жиналған.
Aegopodium podagraria L. және Aegopodium alpestre Ledeb. өсімдіктерінің жерасты мүшелерінің морфологиялық зерттеулері бойынша тамырлары көлденең тамырсабақта түзілген шашақ тәрізді болып келетіні анықталды. Көлденең анатомиялық кесіндісінде екі өсімдіктің де тамыры диархты. Алғашқы қабықта және ксилема сәулелерінің арасындағы жасушаларда крахмал дәндері кездеседі. Биометриялық өлшеулер бойынша Aegopodium podagraria L. тамырының көрсеткіштері Aegopodium alpestre Ledeb. өсімдігіне қарағанда жоғары екені байқалды.
Aegopodium podagraria L. және Aegopodium alpestre Ledeb. өсімдіктерінің жерасты мүшелерінің ылғалдылығы фармакопеялық үлгілердегі берілген көрсеткіштер мәнінен жоғары емес. Aegopodium podagraria L. жерасты мүшелерінің күлділігі Aegopodium alpestre Ledeb. өсімдігіне қарағанда 1,5 есе төмен, ал экстрактивтілігі екі өсімдікте де жоғары болды.
Кілт сөздер: бежір (Aegopodium podagraria L.), Aegopodium alpestre Ledeb., дәрілік өсімдіктер, ксилема, флоэма, күлділік, экстрактивтілік.








